• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2015

Кезектен тыс сайлау  – бүкіл халық қалауы

539 рет
көрсетілді

Елбасымыздың  президенттік сайлауды биыл өткізу жөніндегі

Әрбір саналы қазақстандықтың борышы

Мемлекет басшысының ха­лыққа Үндеуін мұқият оқы­дым. Қазіргідей тар кезеңде Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс прези­денттік сайлау өткiзу туралы бастамасына келісім бергеніне қанағаттандық. Қазiр әлемдегi саяси-әлеу­меттiк жағдай тұрақсыз. Қар­жы­лық-экономикалық дағ­да­рыстың жаңа толқыны бой көрсетiп отыр. Ендеше, осындай алмағайып күндерде барша қа­зақстандықтар Елбасы Н.Назар­баевтың төңiрегi­не тығыз топтасуымыз қажет деп ойлаймын. Бұл жолы да Нұрсұлтан Әбiш­ұлының сайлауға қатысқанын қалар едiм. Өйткенi, Нұрсұлтан Әбiшұлының Отанымыздың iргесi бекiген тәуелсiз мемле­кет болып қалыптасуына сiңiр­ген еңбегi шексiз екенiн тек қазақ­­стандықтар ғана емес, бүкiл әлем бiледi. Әр жылы халыққа арнайтын Жолдауларында Отанымыздың дамуына ең қажеттi деген келелi мәселелер мен тапсырмаларды көрегендiкпен, дер кезiнде қоя бiлуiнiң арқасында бәсекелестiкке қабiлеттi елдiң қатарына енгенiмiз – Н.Ә.Назарбаевтың нағыз Көшбасшы екенiнiң дәлелi. Нұрсұлтан Әбiшұлының ендiгi мақсаты – Қазақстанды дағдарыстан аман-есен алып шығып, бәсекелестiкке қабiлеттi 30 елдiң қатарына енгiзу. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау арқылы Мәңгiлiк Елдiң беделiн әлемдiк деңгейде ұлық­тау, iргесiн тағы да бекiте түсу. Бүгiнде «Нұрлы Жол – бо­ла­шаққа бастар жол» Жолдауы бойынша қарқынды жұмыс бас­талып кеттi. Алдымызда Елбасы еңбегiнiң арқасында жеңiп алған ЭКСПО-2017 көрмесiн өткiзу мiндетi тұр. Игi мақсатпен басталған осындай үлкен iс-шараларды табысты аяқтау үшiн Нұрсұлтан Әбiшұлына мүмкiндiк беру әрбiр саналы қазақстандықтың азаматтық борышы деп бiлемiн.  Амангелдi СОПБЕКОВ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. Оңтүстік Қазақстан облысы.

Тілегіміз осы еді

Бүкіл ғұмырым ел ішінде өтіп келе жатқандықтан, өзім сияқты адамдардың қоға­мы­мыздағы жағ­дайларға байланысты пейі­лін, пікірін жақсы білемін. Жас мемлекетіміз беде­лін биіктетіп, әлеуметтік әлеуе­тімізді жақсар­тып, бір­лігі­мізді беріктіріп, даму жолына ұйытқы болушы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.На­зар­баев­тың адал қызметіне, орасан зор ең­бе­гіне ризашылық шексіз екеніне күнбе-күн көз жетіп жүр. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің елімізде кезектен тыс прези­денттік сайлау өткізу туралы бастама көтеруі орынды болды. Өйткені, әлем экономикасындағы қазіргідей күрделі кезеңде тұрақтылықты сақтап, келешегімізге кепілді күшейтіп, одан әрі өсіп-өркен­деуді қамтамасыз ету қажеттігі уақыт талабы екені ақиқат. Жас мемлекетіміздің өсу жол­дары көз алдымызда. Же­ңіс­термен қатар, қиындықтар да аз болмады. Соның бәрін Тұң­ғыш Президентіміздің сарабдал саясаты арқасында еңсеруіміз көпке мәлім. Осылай бола беруін тілейміз. Сол мүддемізге орай Елбасының президенттік сайлауды биыл өткізу жөніндегі бүкіл халықтың қалауын қабыл алып, шешім шығаруын қуана қарсы алдық. Бұған байланысты Қазақстан халқына Үндеуінде: «Әлемдік экономикалық дағдарыс белең ала түскен кезеңде халыққа ертеңгі күніне деген сенімділік керек. Бұл, ең алдымен, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдердің, жала­қының, сти­­пендиялардың тұрақ­тылығы», деп атап айтқанындай, жарқын болашаққа сеніміміз зор. Қашанда үмітімізді ақтап, келешекке жол бастаушы кемең­гер Көшбасшымыздың бұл жолы да қайратымызды қайрап, жі­герімізді жанып, асқаралы мақ­саттарға жете­леріне күмәні­міз жоқ. Бәріміз­дің көкейіміз­де­гіні дөп басқан, көңілімізден шық­қан шешім­ді барша қазақ­стан­дық­­тардай жаңаарқалықтардың да қызу қолдауын жеткізгім келеді. Қамбар СЕЙІТКАМАЛОВ, Жаңааарқа аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары. Қарағанды облысы.

Бақ біз сияқты тату елге барады

Қазақстан халқы Ассам­б­лея­сының Кеңесі кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастама көтерген болатын. Елбасы бұл бастаманы мұқият ой таразысына салып, «кезектен тыс президенттік сайлау өткізген жөн» деген пайымға келді. Сондай-ақ, бұл ұсынысты жаһандық сарап­шылар, қазақстандық қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен еліміздің түк­пір-түкпірінен түрлі салада жұмыс істейтін қызметкерлер қол­дап, өздерінің көпшілікпен ынты­мақтастығын білдіріп жатыр. Шын мәнісінде, бұл сайлау жай ғана сайлау емес. Елбасымыз айтқандай, сайлау – аса маңызды конституциялық және патриоттық акт.  Бұл сайлауда келешегі кемел елдің тағдыры, ұлттың болашағы шешіледі. Бұл сайлау арқылы әлемдегі экономикалық және геосаяси ауыртпалықтарға қарсы ауқымды кең қорғаныс шарасы жасалынбақ. Ал нақты бағдарлайтын болсақ, президенттік сайлауды өткізу – заңды құбылыс. Сондықтан, шынында еліміздегі басты саяси науқанды кейінге шегеруге еш негіз жоқ деп ойлаймын. Бұл – уақыт талабы. Биылғы жыл – еліміздің өмі­рінде маңызды оқиғаларға толы жыл. Елбасының «Нұр­лы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында атап көр­сетілгендей, ағымдағы жылы Қазақ хандығының 550 жыл­дығы, Ұлы Жеңістің 70 жыл­ды­ғы және Қазақстан халқы Ассам­б­леясының жылы мен ел Конс­титуциясының 20 жылдығы кең көлемде атап өтілмек. Сондай-ақ, келешегімізді айқындайтын экономикалық бағытта білім беру саласында біршама жобаларды жүзеге асыру көзделген. Ал осы ілкімді істердің орындалуы 2016 жылға түсіп отыр. Сол себептен де, жалпыхалықтық маңызды істің ертерек өтуіне қолдау көрсеткеніміз абзал. Қа­зақта «Бақ, қайда барасың? Көр­шімен болған бірлігі, Мерекелі тірлігі, Ұйымшыл елге барамын», деген қанатты сөз бар. Бо­лашағымызды айқындап, келе­шегімізге жол ашар маңызды іске «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» қолдау көрсетіп, атса­лысуға шақырамын. Дария ҚОЖАМЖАРОВА, Тараз мемлекеттік педагогика­лық институтының ректоры, республика Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Жамбыл облысы.

Қалауымыз – тұтастық

«Біз қазақ мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қаш­­па­сын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі тақ­қан елміз», деген ғой Қаз дауыс­ты Қазыбек би. Бұл – біздің жұрт­тың бүкіл болмыс-бітімін ашатын сөз. Кеңпейілдігін, жомарт­ты­ғын, қонақжайлығын, бейбіт­ші­ліксүйгіштігін дәл көрсеткен, анық айтқан, көркем кестеленген осы суреттеу бүгінгі қазаққа да тән. Сын сағатында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, елдің ты­ныштығы мен тұрақтылығын бас­ты құндылық санайды біздің жұрт. Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысын халқымыз мемлекетіміздің баянды болашағы, кемел келешегі үшін жасалған жақсы қадам ретінде қабылдады. Сондықтан біртұтас қолдап, қуаттап, Елбасына арнайы хат жолдап, саяси шешімді қабылдауды сұрады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықтан түскен өтініш-тілектерді тыңдап, ой елегінен өткізіп, терең сараптап, өзінің кесімді сөзін айтты. Сонымен, президенттік сайлау 26 сәуірге белгіленді. Бұл дер шағында, дәл уақытында қабыл­данған шешім болды. Елбасы өз Үндеуінде прези­денттік мерзімді референдум ар­қылы созғаннан гөрі кезектен тыс сайлау өткізген дұрыс деді. Әлемдік саясат қым-қиғаш кейіп­ке еніп, дағдарыстың дауысы зорая түскен мына шақта елдің бола­ша­ғын алдын ала айқындап алмаса болмайды. Мұндай кезеңде бізге ең алдымен тыныштық пен тату­л­ық керек. Алауыз болмай, араздыққа бармай, бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай ауыз­­біршілікте болсақ қана алда тұр­ған қиындықтарды еңсере аламыз. «Жер бетінде саны қанша миллион болса да туын тігер ұлтарақтай жерді, ұрпағына мирас етер елді арман еткен ұлттар қаншама! Елі болғанмен бағдары жоқ, бағдары болғанмен берекесі жоқ халықтар да көз алдымызда. Қазақстан даму көшіне ілескен елдерден суырылып шығып, көш тізгінін ұстаған елдердің санатына бет алды»,– деді Мемлекет басшысы. Шекарасы бекітілген жеріміз бар, біртұтас еліміз бар. Бағытымыз айқын. Бағдарымыз анық. Сондықтан дамудың көшіне еркін енген халқымыз алдағы саяси сәтте өзінің болашағын адаспай таңдайды деп ойлаймын. Сейілбек ШАУХАМАНОВ, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы. ҚЫЗЫЛОРДА.

Сенімді серпіліске жетелейді­

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасы ел тарапынан қызу қол­дау тапты. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан халқына Үндеуін жолдады. Кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі шешім геосаяси және сыртқы саяси жағдайларды ұғынудан туындап отыр. Бүгінгі жаһандық өзгерістер тиісінше зерделі іс-қимылды, нарыққа жедел бейімделуді, халықаралық және ішкі саясатқа тыңғы­лықты ден қоюды талап етеді. Елбасы Үндеуін Д.Серік­баев атындағы Шығыс Қа­зақстан мемлекеттік тех­ни­калық университетінің ұжымы қызу қолдайды. Біз­дің университетте өңір­дегі Қазақстан халқы Ассам­блеясының ғылыми-сарап­тамалық тобына мүше болып енген ғалымдар еңбек етеді. Яғни, ғалымдарымыз Елбасы Үндеуін қолдаумен бірге, еліміздегі тұрақтылық пен татулық тұғырының ғылыми негіздемесін терең түсініп, қоғамға жеткізуге ықпал етіп келеді. Кеше ғана университеттің ғылыми кеңесінде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы профессор-оқытушылар құрамы сөз сөйлеп, оның қазіргі маңызы жөнінде тұщымды ой-пікірлерін ортаға салған болатын. Осы орайда, ғылыми әлеуетіміз бен шәкірттеріміздің үні Үндеумен үйлесім тауып, бір арнада тоғысты. Мемлекет басшысының қазақстандық дамудың даңғыл жолына бағыттаған батыл да бағдарлы саясаты баршамызға сенім ұялатады. Президенттік сайлауды биыл өткізудің тиімділігін екі тұрғыда қарастырған ләзім. Біріншіден, келер жылы күн­тізбеде парламенттік сайлау өтеді. Электораттық нау­­қанды екі сайлауға жұмыл­дырған еліміз үшін тиім­сіз. Екіншіден, осы сайлау арқылы еліміздің эконо­микалық және саяси мәрте­бесі сақталады. Өйткені, әлем­дегі қаржы дағдарысы мен бірқатар елдердің ішкі тұрақсыздығының күшеюі кезеңінде біз Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген ­басты байлығымыз – бірлік-берекемізді сақтап қалуы­мыз тиіс. Елбасының басшы­лы­ғымен бірге біз барлық қи­ындықтар мен кедер­гілерді жеңіп шығып, табысқа қол жеткіздік. Мемлекет бас­шы­сының жетекшілігі­мен бүгінге дейін дағдарыстың үш толқынын өткердік. Кезекті жаһандық күрде­лі жағдайда да Елбасы­ның көреген саясаты елі­мізді сенімді серпіліске жетелейді. Нұрлан ТЕМІРБЕКОВ, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, республика Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. ӨСКЕМЕН.

Бұл – жауапты шақ

Сайлау – демократиялық қоғамның аса маңызды көріністерінің бірі. Әр азаматтың осы үдеріске қатысуы, дауыс беруі ел болашағының қандай болатынын шешеді. Кешегі Үндеуінде Елбасы халықтың мүддесіне орай, оның өтінішін, жалпыға ортақ ерік-жігерін есепке ала отырып, Негізгі Заңды бұлжытпай сақтау үшін мен Конституцияның 41-бабының 3-1 тармағына сәйкес шешім қабылдап, 2015 жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс президенттік сайлауды белгілеу туралы Жарлыққа қол қойдым, деді. Яғни, бірлік пен келісім орнаған елімізде өркендеу де, даму да болатынына сенімді екенімізді жеткізді. Осы мақсат әрі қарай да жалғаса беруі үшін бірлесіп қызмет етуге шақырды. «Елдің бірлігін нығайтып, Отанымызды көркейтуге бағытталған кез келген ұсыныс мен үшін құнды», – деп атап өтті. Өйткені, бәрімізге белгілі, біздің еліміз қазір 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі «2050» Стратегиясын жүзеге асыруға кірісті. Біздің ауданымызда да әкімдік бастамасымен көптеген шаралар атқарылуда. Қазір шалғай жатқан Қызылағаш ауылында мектеп құрылысы жүргізілуде. Шалғай ауылдарда Амантай Мусин, Николай Миллер деген ірі шаруашылықтар­дың қожайындары тұрады. Ауылдықтар олар бас­қа­ратын егін және мал шаруа­шылықтарында еңбек етуде. Бұл ондаған жұмыс орны, ауылдықтар жұмыссыз емес дегенді білдіреді. Әрине, қиындықтар әр істе кездеседі. Мәселе сол қиындықтарды жеңіп, орнықты тірлік құруда ғой. Барлық Елбасы Жолдаулары еңбекке, даму жолына, өркениеттілікке, ортақ Отанды өркендетуге үндейтіні де сондықтан. Біздің ауданымыз, мысалы, Ресей аудандарымен шектеседі. Рухани-мәдени байланыс барысында өткізген қандай іс-шаралар болсын біздің еліміздің бірлік, татулық мақсатымыздан қазақстандықтар үлгісін, Отанға деген ортақ сүйіс­пеншілікті көрсетіп мақ­таныш етеміз. Бұл мүдде жолын Елбасы «бүгінгі біз­дің қазақстандық мінез-бітіміміз осындай! Бірлік пен Тұрақтылық – бұл біздің ­жауапты таңдауымыз!» деген тамаша баға берген сөздерімен атап өтті. Осы Үндеуде «қазақ­стан­дық мінез-бітім» деген жаңа атау пайда болды. Алдағы сайлауда да ел тарихындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға ерекше жауапкершілік осы қазақстандық мінез-бітім арқылы көрініс табады деп ойлаймын. Ғалымбек ҚАЙЫРЫСҚАҚҰЛЫ Ертіс аудандық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бастығы. Павлодар облысы.